Экономикалық зерттеулер институтының тамыры сонау 1961 жылдан бастау алған бай тарихы бар. Институт Қазақстандағы ең байырғы талдау орталықтарының бірі болып саналады. Биыл аталмыш орталықтың құрылғанына 55 жыл толады. Экономикалық зерттеулер институты өз қызметінің барлық кезеңдерінде Үкіметтің, соның ішінде Ұлттық экономика министрлігінің елдің экономикалық саясатын жүргізу бойынша ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ, экономиканың орнықты дамуына қол жеткізуге бағытталған құрылымдық реформаларды өткізу жұмыстарына белсене қатысып келді. Сонымен қатар, институт қызметкерлері «Қазақстан 2050» секілді мемлекеттік құжаттарда көрсетілген ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізуді жүзеге асыруда және мемлекеттік жоспарлау жүйесінде аса маңызды саналатын құжаттарды әзірлеу жұмыстарына да белсенді ат салысып келеді.  Сондай-ақ, ол Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруі үшін тәжірибелік ұсыныстар әзірлейді, 5 институционалдық реформа шеңберінде «Ұлт Жоспарын» іске асыру жұмысына қатысады.

Бүгінгідей әлемдік экономика серпінді түрде өзгеріп жатқан уақытта ел басшылығы экономиканың жаңа шынайылығына тез бейімделуге мәжбүр. Осыған байланысты, қазіргі экономикалық жағдайға сапалы талдау ұсынатын ғылыми экономикалық зерттеулерге үлкен қажеттілік туындап отыр.Стратегиялық мемлекеттік шешімдер қабылдау және ең тиімді экономикалық саясат жүргізу үшін ел үкіметі әлемдік экономиканың және Қазақстанның экономикалық жағдайының ғылыми талдауына  сүйенуі қажет. Осылайша, ведомстволық министрліктер және ел үкіметі үшін экономикалық саясаттың ең маңызды мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, республиканы орнықты дамыту стратегиясының ғылыми негіздемесі – институт жұмысының басым бағыты болған және орталық ары қарай да осы мақсатты ұстанады.