• 13.06.2016
  • 552

«Талдау орталықтарының аймақтық саммиті: Жаңа экономика және геосаясат дәуіріндегі талдау орталықтары» жұмысының қорытындысы

2016 жылдың 26 мамыры күні Астана экономикалық форум шеңберінде «Жаңа экономика және геосаясат дәуіріндегі талдау орталықтары» тақырыбындағы талдау орталықтарының аймақтық саммиті болып өтті. Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Грузия, АҚШ және өзге елдерден 80-нен астам қатысушылар қатысты.  
Іс-шараны Экономикалық зерттеулер институты мен Пенсильвания университеті бірлесіп ұйымдастырды.
Аталмыш саммитті Астана экономикалық форумы алаңында өткізу мақсаты жаңа геоэкономиалық жағдайда аймақ елдері үшін ең қолайлы саяси және экономикалық шешімдерді бірлесіп әзірлеу және талдау ұйымдарының арасындағы ынтымақтастықты талқылау болып табылады.
«Экономикалық зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Шахарбану Жақыпова қатысушылар алдында құттықтау сөз сөйледі. Шахарбану Жақыпова өз сөзінде талдау орталықтарының әлемдік және аймақтық даму үрдістерін айта отыра, 2016 жылы Экономикалық зерттеулер институтының негізі қаланғанына 55 жыл болатындығын атап өтіп, әрі Институттың қызметі жайлы әңгімелеп берді.
Құттықтау сөзден кейін, үздік талдау орталықтарын марапаттау рәсімі өткізілді. «Экономика саласындағы 2015-2016 жж. 3 үздік халықаралық орталық» номинациясы бойынша Брукингс Институты (АҚШ), Брюссель еуропалық және жаһандық экономика зертханасы (Бельгия) және Петерсон әлемдік экономика институты (АҚШ) марапатталды. Ал, «экономика саласындағы 2012-2016 жж. 3 үздік аймақтық орталық» номинациясы бойынша Экономикалық зерттеулер институты (Қазақстан), Экономикалық және әлеуметтік даму орталығы (Әзірбайжан) және Экономикалық зерттеулер орталығы (Әзірбайжан) марапатталды.
Іс-шараның жүргізушісі әрі тең ұйымдастырушысы, «Go To Global Think Tank» рейтингінің авторы профессор Джеймс МакГанн «Талдау орталықтарын және саяси кеңес беруді дамытудың жаһандық және аймақтық үрдістері: Орталық Азиядағы талдау орталықтарының дамуы» тақырыбында негізгі баяндама оқыды.
Талқылау барысында Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебі Жаһандық мәселелер институтының директоры Эрик Берглоф: «Астана» қаржы орталығын құру секілді, талдау орталықтарын құру үшін де адами жоғары әлеуеті бар адамдардың осында келуі үшін жағдай жасау қажет»,-деп өз пікірін жеткізді. Сондай-ақ, спикер адами капиталдың маңыздылығын бағаламауға болмайтындығын да атап өтті.  
Жаһандық қауіпсіздікті талдау институты Энергетика, табиғи ресурстар және геосаясат орталығының директоры Ариэль Коэн талдау орталықтарының ықтимал қызметкерлері үшін жағдай жасаудың маңыздылығы туралы әңгімелеп берді.
Сонымен қатар, Азия Даму Банкі Институтының деканы Наоюки Йошино, «McKinsey Global Institute» директоры Ричард Доббс, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының Азия экономикасы бойынша аға кеңесшісі Мэтью Гудмен, ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер инстиутының директоры Ерлан Қарин, ЭЫДҰ Жаһандық қатынастар  хатшылығы Еуразия бөлімінің басшысы Уильям Томпсон, Әзірбайжан Экономикалық және әлеуметтік даму орталығының төрағасы  Вугар Байрамов, Карнеги Мәскеулік орталығы «Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Ресей» бағдарламасының жетекшісі Александр Габуев, «Валдай» Халықаралық пікірсайыс клубы Кеңесінің төрағасы Андрей Быстрицкий сөз сөйледі.
Саммиттің екі панельдік сессиясы барысында қатысушылар талдау орталықтарының жұмысын жетілдіру және дамыту, әлеуметті нығайту және аймақтық талдау орталықтарының өзара әрекеттесуі, жаңа экономикалық және геосаяси шынайылық дәуіріндегі талдау орталықтарының рөлі жөніндегі негізгі мәселелерді талқылады.
Возврат к списку