Үкіметтің заң жобалау жұмыстары

22.12.2020

2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Парламентке 13 заң жобасын енгізу жоспарлануда.

Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, мемлекеттік органдардың ұсыныстары бойынша заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелерімен бірлесіп Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспарының жобасы әзірленді.

"Жоспар жобасы Президентпен және стратегиялық құжаттармен белгіленген міндеттер негізінде қалыптастырылды, онда 25 заң жобасын әзірлеу көзделген. Әзірлеуге ұсынылған заң жобаларының ішінен 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Парламентке 13 заң жобасын, ал екінші жартыжылдықта 12 заң жобасын енгізу жоспарлануда", - деді Марат Бекетаев Үкімет отырысында.

Бұл ретте алдағы жылы "Қоғамдық бақылау туралы", "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы", "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" және "Әскери полиция органдары туралы" заңдардың жаңа жобаларын әзірлеу болжанып отыр. "Заң жобалау жұмыстары жоспарында көзделген заң жобалары жалпы халықтың әлеуметтік және экономикалық мәселелерін шешуге, азаматтардың мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне қатысуын кеңейтуге, сондай - ақ жекелеген салалардағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған", - деп атап өтті министр.

Әділет министрлігінің деректері бойынша, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспары толық көлемде орындалды, барлық 22 заң жобасы Парламентке уақтылы енгізілді.

Бұдан бұрын, 20 желтоқсанда Президенттің "Кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойғаны белгілі болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев аутстаффинг саласын реттейтін заңды бекітті. "Заңмен Азаматтық кодекске ақылы қызмет көрсету шартының жаңа түрі – персоналды ұсыну бойынша қызмет көрсету шарты енгізіледі, оған сәйкес бір тарап (жіберуші) өз қызметкерін екінші тараптың (қабылдаушы) басқаруымен және бақылауымен жұмысты орындау үшін жібереді" - деп хабарланды БАҚ-та.

Түзетулермен жіберуші тараптың қызметкерлеріне қатысты еңбекақы төлеу саласындағы кемсітушілікке де тыйым салынады; қолданыстағы заңнамаға сәйкес ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жіберуші тараптың қызметкерлері үшін жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары көзделеді.

Жұмыс беруші рұқсаттар бойынша тартатын шетелдік жұмыс күшінің саны персоналды беру жөніндегі шарт шеңберінде еңбек қызметін жүзеге асыратын қызметкерлерді ескере отырып, қазақстандық кадрлар санына пайыздық арақатынасқа сәйкес келуі тиіс деп көзделеді.

Заңнамаға сондай-ақ мәжбүрлеп шығарып жіберуге жататын және одан жалтарып жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты соттың санкциясымен қамтамасыз ету шарасы ретінде жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу қолданылатын норма енгізілді (адамдарды Қазақстаннан тысқары жерлерге шығарып жіберу кезінде ұстау мерзімдерін реттеу мәселелері жөніндегі республиканың заңнамалық актілері).

Осы норма қылмыстық, әкімшілік істер және ерекше іс жүргізу істері бойынша сот актілерін мәжбүрлеп орындату үшін адамдарды шығарып жіберуден жалтарып жүрген адамдарды ұстаудың (соттың санкциясымен 30 тәулікке дейінгі мерзімге) құқықтық тетігі мен мерзімдерін жетілдіруді көздейді.

Сондай-ақ, Қылмыстық кодекске құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларды, пара берушілер мен делдалдарды сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін жазалауды қатаңдату бойынша түзетулер енгізілді.

Түзетулер ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарды мерзімінен бұрын шартты түрде босату мүмкіндігін болдырмайды.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары мен судьялар үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеулер енгізіледі.

Процеске қатысушылардың пікірін ескере отырып, қылмыстық сот ісін электрондық форматта жүргізу мүмкіндігі беріледі, процестік шешімдерді прокурормен, оның ішінде электрондық форматта келісу рәсімі оңайлатылады.

Тергеу судьясының қаулыларына шағым жасау және қайта қарау үшін негіздер кеңейтілуде. Егер бұрын ол қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да сыбайластарына қатысты істі қарауға қатысқан болса, судьяға қарсылық білдіру үшін негіздер толықтырылады.

 






Қарау саны: 2840
Сақталған: 15.04.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!