Көктемгі дала жұмыстары

30.03.2021

Қазақстанда көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды.

Ағымдағы жылы 22,8 миллион гектар жер егу жоспарлануда, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 186,6 мың гектарға көп.
 
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтановтың мәліметінше, қазіргі уақытта тиімділігі жоғары дақылдардың алаңдары кеңеюде. "Оның ішінде дәнді және бұршақ дақылдарды 15,8 млн гектар жерге орналастыруды көздеп отырмыз. Майлы дақылдардың болжамды алаңы 3 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден де жоғары – 63 мың гектарға, жем - шөп-3,4 млн гектарға. Көкөніс-бақша дақылдарының алқабы өткен жылмен салыстырғанда 16 мың гектарға артық болады және 280 мың гектарды құрайды", – деді Сұлтанов 30 наурызда Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдарға бұрын жоспарланған 89 мың гектардың орнына қарақұмық алқаптарын 103 мың гектарға, картопты 209 мың гектарға дейін ұлғайту ұсынылды. Бұл елді сұранысқа ие өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сұлтанов атап өткендей, егіс науқаны оңтүстік өңірлерде басталып, 103,4 мың гектар жерге егін егілді. Бұл дәнді дақылдар, картоп, көкөністер және көпжылдық шөптер.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін қажетті 380 мың тонна дизель отыны белгіленген. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін орташа баға шамамен 165 теңге/литр құрайды.

Республикада 141,7 мың трактор, 73,2 мың тұқым сепкіш, 221,2 мың топырақ өңдейтін құрал, 4,3 мың егіс кешені бар. 2021 жылғы 29 наурыздағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы техникасының көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындығы 97%-ды құрайды, деп хабарлады Премьер - Министрдің баспасөз қызметі.

"Көктемгі дала жұмыстарын сапалы және уақытылы жүргізу еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Өткен жылы пандемияға қарамастан егіс өте жоғары деңгейде жүргізілді. Агротехнологиялар қатаң сақталды, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары уақтылы енгізілді. Бұл жақсы өнім алуға мүмкіндік берді. Ағымдағы жылы Үкімет көктемгі егісті қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешімдерді қабылдады", - деді Үкімет басшысы сейсенбі күнгі селекторлық отырыста .

Премьер – Министр Экология министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, республиканың оңтүстік өңірлерінде, оның ішінде ұзақ мерзімді перспективада ауыл шаруашылығы өндірушілерін суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды; Энергетика министрлігіне бекітілген кесте мен бағаларға сәйкес егіс жұмыстарын жүргізу үшін қажетті дизель отынын жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
 
Өңірлердің әкімдеріне бір апта мерзімде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін субсидиялар тізбелері мен нормаларын бекіту жөніндегі жұмысты аяқтау тапсырылды.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау үшін "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ республикалық бюджеттен 70 миллиард теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлгенін атап кеткен жөн. Соңғы қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5% - дан аспайды. Бөлінген қаражат үш миллион гектар егіс алқаптарын қамти отырып, 2400 АӨК субъектісін қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Бюджеттік кредиттеумен қатар, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асыру үшін бөлінген қаражат көлемі 24,5 миллиардтан 45,3 миллиард теңгеге дейін ұлғайды.


Қарау саны: 1306
Сақталған: 07.10.2022




Таратылымға жазылу

Сайттың саясаты
Сайт материалдарымен жұмыс жасаған кезде дереккөзге міндетті түрде гиперсілтеме жасай отырып, мәтінді пайдалануға рұқсат беріледі. Сайттың редакциясы мақалалар авторларының пікірімен әрқашан келісе бермейді.


     



©2020 Барлық құқықтар сақталған.




... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!