Президент тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар

13.01.2022

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жаңартылған құрамда Үкіметтің алғашқы отырысын өткізді, деп хабарлайды Министрлер кабинеті басшысының баспасөз қызметі.

 

Жаңа Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Әділет министрі Қанат Мусин, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров мемлекеттік қызметші антын берді.

 

"Біз бүкіл ел үшін қиын сәтте Мемлекет басшысының жоғары сенімін ақтауға тиіспіз. Біздің Үкімет құрамымыз халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға, экономиканың өсуін сақтауға және пандемияға қарсы тұруға, террористер мен тонаушылардың келтірген орасан зор залалын қалпына келтіруге, елді ауқымды дағдарыстан шығаруға бағытталған Президент қойған міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіс. Бұл өте күрделі міндеттер,  қазіргі жағдайда бірде-бір Үкіметке оларды шешу міндеті тапсырылмады. Біз біртұтас команда болуымыз керек, біздің жұмысымыздан нақты нәтижелер күтіледі", — деді Үкімет басшысы.


Отырыста ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтарда ҚР Парламенті мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды.

 

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Премьер-Министрдің Орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров сөз сөйледі.

Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, ағымдағы жылдың 20 қаңтарына дейін Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасының жобасын әзірлеуді, қысқа мерзімде ШОБ-қа мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың ашық және түсінікті тетіктерін әзірлеуді және даму институттары (ҚДБ, "Даму" Қоры және т.б.) жұмысының тиімділігіне талдау жүргізуді тапсырды.

 

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен және "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін өзектендіруді, бір жерден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу үлесін қысқарту тұрғысынан "Самұрық-Қазына" АҚ сатып алу тәртібін түбегейлі қайта қарауды, "Самұрық-Қазына" АҚ мен оның еншілес компанияларының сатып алуды жүзеге асырудың бүкіл процесін қайта қарауды тапсырды.

 

Ұлттық экономика министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Қаржы, Әділет министрліктерімен және "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, ағымдағы жылдың 1 ақпанына дейін бәсекелес ортаға беруге жататын активтерді іріктеу тәсілдерін әзірлеу, Үкімет қаулысының тиісті жобасын әзірлеу және енгізу тапсырылды.

 

Орталық пен өңірлер арасындағы бюджетаралық өзара қарым-қатынастардың айқын қағидаларын қалыптастыру мақсатында Премьер-Министр бюджет заңнамасына түзетулер топтамасын дайындауды және жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесін жетілдіруді тапсырды.

 

Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және батыс және оңтүстік өңірлердің – Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, "Ауыл-Ел бесігі" бағдарламасы және басқа да салалық бағдарламалар шеңберінде жекелеген бағыттар әзірлеу тапсырылды.

 

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, LRT жобасын одан әрі пайдалану нұсқалары бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.

 

Министрлер кабинетінің басшысы кәдеге жарату алымын іске асырудың нақты тетіктері бар ұсыныстар дайындауды, мұнай өнімдері нарығын реттеу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуді, бір апта мерзімде тиісті есептеулер жүргізуді және бензин өндірушілер мен делдалдар үшін акциздер бойынша келісілген ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Премьер-Министр бір ай ішінде өңдеу өнеркәсібі саласын талдауды ескере отырып, экономиканың бәсекеге қабілетті секторларындағы жобалар пулын дайындауды, "Самұрық-Қазына" АҚ реформалау бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді, көктемгі егіс жұмыстарын сапалы және уақтылы жүргізу мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдауды, инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

 

Әлихан Смайылов ІІМ мен ТЖМ құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.

 

ІІМ Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, бір апта мерзімде Үкіметке ІІМ арнаулы мақсаттағы бөлімшелері мен Ұлттық ұланды сандық және сапалық нығайту жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.

 

Үкімет басшысы полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыру мәселелерін пысықтауды, қару айналымы мен діни экстремизмнің таралуына бақылауды күшейтуді, бір апта мерзімде Үкіметке азаматтық қорғау органдарын материалдық-техникалық және әлеуметтік нығайту жөнінде ұсыныстар енгізуді, елдің Азаматтық қорғаныс жоспарына қажетті түзетулер енгізуді, төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруды жетілдіру жөнінде келісілген ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

 

Қорғаныс министрлігіне Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы министрліктерімен бірлесіп, арнайы бөлімшелер әскери қызметшілерінің ақшалай үлесін арттыру, әскери-көлік авиациясымен, қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру мәселелерін пысықтау тапсырылды.

 

Премьер-Министр Қарулы Күштер мен барлау қоғамын реформалау, армияның қорғаныс қабілетін түбегейлі арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді және жақын арадағы отырыста Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратына енгізуді тапсырды.

 

Министрлер кабинетінің басшысы жұмысқа орналасуға және әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтай отырып, әлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңарту бойынша жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.

 

Әлихан Смайылов бизнес идеяларды іске асыруға арналған гранттар көлемін ұлғайту (400 АЕК-ке дейін), еңбекақы мөлшерін және жастар практикасына, сондай-ақ "Алғашқы жұмыс орны" жобасына қатысу мерзімін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

 

Ұлттық экономика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне бір ай мерзімде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарламаның жобасын әзірлеу тапсырылды.

 

Білім және ғылым министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мұғалімдер тапшылығы бар өңірлер үшін әлеуметтік қолдау шараларының тиісті пакетімен Педагогтарды тарту жөнінде бағдарлама әзірлеу, беделді шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

 

Премьер-Министр мемлекеттік білім беру тапсырысы жобасында техникалық бағыттар бойынша, бірінші кезекте, батыс өңірлерде гранттар санын ұлғайту, халық тығыз орналасқан өңірлерден келген жастардың жоғары оқу орындарында білім алуы үшін нысаналы гранттар көздеу қажеттігін атап өтті.

Үкімет басшысы ағымдағы жылдың 1 ақпанына дейін "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорын құрудың барлық мәселелерін пысықтауды тапсырды.

 

"Барлықтарыңыз бүгінгі күннің маңыздылығын түсінесіз. Жұмысқа барынша жұмылып, шоғырлану қажет", — деп атап өтті Әлихан Смайылов..

 

Сондай-ақ оқыңыз: ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайылов жаңа министрлерді таныстырды





Қарау саны: 879
Сақталған: 09.02.2023




Таратылымға жазылу

Сайттың саясаты
Сайт материалдарымен жұмыс жасаған кезде дереккөзге міндетті түрде гиперсілтеме жасай отырып, мәтінді пайдалануға рұқсат беріледі. Сайттың редакциясы мақалалар авторларының пікірімен әрқашан келісе бермейді.


     



©2020 Барлық құқықтар сақталған.




... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!