Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы

16.03.2022

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жолдады.

"Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да  бөлек.  Біз  алдымызға  биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік", - деді Президент.

 

Жолдаудың негізгі тезистері:

 

— "Қасіретті қаңтар" оқиғалары мен одан кейінгі төтенше жағдай кезінде түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін екі мыңға жуық адам ұсталды. Мен сол кезде Бас прокуратураға олардың қандай кінәсі барын анықтауды және ауыр қылмысы болмаса, жазасын жеңілдетуді тапсырдым. Соның нәтижесінде көптеген азаматтар қамаудан босатылды. 

 

— Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес

 

— Саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ "ойын ережесін" қалыптастыруды көздейді.

 

 Мен елімізге түбегейлі реформалар қажет екеніне бек сенімдімін. Әйтпесе, тоқырауға тап боламыз

 

 Мен бүгін еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынғалы отырмын. Бұл құжат, ең алдымен, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген

 

— Жалпы, ұсынылып отырған реформаларды біздің қоғамдағы алуан түрлі көзқарастардың жиынтық көрінісі деуге болады.   Осыған дейін қолға алынған өзгерістердің заңды жалғасы іспетті бұл бастамалар екі өзекті міндетті шешеді.       Біріншіден, қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізеді, екіншіден, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етеді.

— Нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады.   Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды.

— Басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді.     Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр, бұл "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады.

1. Президенттің өкілеттігі туралы 

— Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды.    Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз.  

— Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да  заңнамаға енгізген жөн.   Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз.  Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек.    Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

— Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады.    Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын. 

— Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы.    Бұл норма "қолдан басқарудың" орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді.      Оның үстіне қазір Президенттің аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқығы бар.    Мұндай заң нормаларын жою керек.   Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді.

2.  Өкілді билік тармағын қайта құру   

— Мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым.    Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады.   Парламенттің төменгі палатасында ешкімге жасанды артықшылық берілмей еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс.  Осылайша, біз ҚХА-ның Мәжілістегі квотасын жоямыз, менің ойымша, бұл - саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам.  Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды.  "Аз болса да, саз болғаны" жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды.

— Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санаймын.     Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады. 

— Ал, Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн.  Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түседі. Заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. 

— Парламент  республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет.        Осы орайда Есеп комитетінің орнына  Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын, оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруге тиіс.    Осылайша, Мәжілістің мәртебесі арта түседі. 

— Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады.    Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн.   

— Мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын.  Қазір мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім береді немесе келісім бермейді.  Заңнамаға Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізу қажет.  Осылайша, Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бұл - өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Бірақ, Мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады.

3. Сайлау жүйесін жетілдіру 

— Барлық азаматтардың құқығы толық ескерілетін  аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде  сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 % пропорционалдық, 30 % мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі.

— Сондай-ақ, депутаттар мен азаматтардың тығыз қарым-қатынасы талап етілетін аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын.   Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады және елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.     

— Аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түседі деп сенемін.

4. Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту

— Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді Тіркеу шегін 4 есеге - 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны үш есе - 600-ден 200 адамға төмендетіледі.  Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. 

— Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады.   Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады. 

5. Сайлау үдерісін жаңғырту

— Тиісті регламент пен ережені бекіте отырып, әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді ұсынамын.  

— Сондай-ақ, байқаушылардың қызметін заңмен реттеу керек. Бұл институт та ашық сайлау жүйесінің ажырамас бөлігі саналады.   

— Енді аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін  қайта қараған жөн. Олар бұл іспен кәсіби түрде айналысуы қажет.

— Біз  бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез-келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет.  Жекелеген тұлғалардың сайлау  барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қорына салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек.

— Елімізде өтетін сайлауларға шетелдердің қандай да бір араласуына жол бермеу үшін заңнамалық деңгейде нақты шаралар қабылдауға тиіспіз.    Сол үшін, ең алдымен, кандидаттардан бастап байқаушылар мен БАҚ-қа дейін, сайлау науқанына қатысушылардың бәрінің қаржылық қызметі барынша ашық болуын қамтамасыз етуіміз керек. 

 

6. Құқық қорғау институттарын күшейту

 

Конституциялық сот құруды ұсынамын.  Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады,  институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді, азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі деп сенемін.

 Өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет деп санаймын

— Азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болуы маңызды Қазіргі таңда осы мәселеге жауапты нақты бір орган жоқ.  Мұндай жағдай белгілі бір тәуекелдер туындатуы мүмкін.   Сондықтан бұл құзыретті Бас прокуратураға беруді ұсынамын. 

— Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту қажеттігін жиі айтып жүр.  Мен бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды, я орынсыздығын анықтау туралы нұсқау бергенмін.   Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырамын.  

— Заңдылықты арттыру және құқық қорғау қызметін жүйелі түрде күшейту үшін Прокуратура туралы және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы жекелеген конституциялық заңдар қабылдаған дұрыс деп санаймын.

— Бұл мәселеде Президенттің соттарды қалыптастыру жөніндегі конституциялық өкілеттігін қамтамасыз ететін, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеуіне кепілдік беретін Жоғары Сот кеңесі шешуші рөл атқарады. Оның қызметі толығымен ашық және қоғамдық мониторинг үшін ашық болуы өте маңызды. Бұған Жоғары Сот Кеңесінің конкурстық рәсімдерін онлайн-трансляциялау тәжірибесі және олардың қорытындылары бойынша егжей-тегжейлі, дәлелді түсіндірмелер жариялау арқылы қол жеткізуге болады.

— Қазақстанда алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша ғана үкім шығара алады. Мен алқабилер сотының қарауына жататын істердің санаттарын одан әрі  кеңейтуіміз керек деп санаймын. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға, оған қоғам тарапынан сенімді арттыруға ықпал ететін болады.

 

7. БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту

— Әрі қарай демократиялық өзгерістер тәуелсіз және жауапты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз мүмкін емес деп сенемін. Сондықтан мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа саланың даму үрдістерін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау қажет.

— Реформаларды дайындау мен іске асыруға қоғамдық ұйымдар мен белсенділерді неғұрлым кеңінен және терең тарту қажет. Ол үшін, ең алдымен, барлық ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттарды ашық талқылауды қамтамасыз ету қажет.

— Біз елдегі азаматтық белсенділікті оятып, мемлекет пен қоғам арасындағы саналы әрі сындарлы әріптестік процесін бастауға тиіспіз. Нақ осы себептен біз орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар жанындағы, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордағы қоғамдық кеңестерді дамытамыз. Мен олардың қызметін бірнеше рет сынға алдым, бірақ тұтастай алғанда олардың толық іске асыруды талап ететін үлкен институционалдық әлеуеті бар. Биыл менің бастамам бойынша олардың құрамын, сондай-ақ жұмыс жоспарларын түбегейлі жаңарту көзделген.

— Өз міндеттерін табысты орындаған ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына "Ұлттық құрылтай" құруды ұсынамын. Жаңа институт Ұлттық кеңес жұмысын жалпыұлттық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың бірыңғай институционалдық моделін қалыптастыруы тиіс. Ол билік пен халық арасындағы өзара іс-қимылды күшейтеді. Барлық қоғамдық кеңестердің қызметі жүйелендірілетін болады. Ұлттық құрылтай құрамына барлық өңірлердің өкілдері кіреді. Бұдан басқа, оған Парламенттің бірқатар депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Азаматтық альянстың, Қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, бизнес, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өкілдері, сондай-ақ басқа да азаматтар енгізіледі.

8. Елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру

— Еліміздің ілгерілеуі өңірлердің өркендеуіне тікелей байланысты. Бұл мәселеде мен 2019 жылғы Жолдауда егжей-тегжейлі тоқталдым. "Қуатты өңірлер  қуатты ел" қағидаты өзгеріссіз қалады. Осыған байланысты елдің әкімшілік-аумақтық құрылымының оңтайлы болуы өте маңызды.

— Орталығы Семей қаласы болатын Абай облысын құруды ұсынамын.

— Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығына айналады.

— Алматы облысын Жетісу және Алматы облыстарына бөлуді ұсынамын. Алматы облысының орталығы Қапшағай, ал Жетісу облысының орталығы Талдықорған болады. Бұл қадамдар аталған өңірдің дамуына қуатты серпін береді деп есептеймін.

— Қапшағай қаласы халқымыздың тарихындағы аса көрнекті тұлға-Дінмұхамед Қонаевпен тығыз байланысты. Егер жұртшылық бұл қаланы оның есімімен атауды ұсынса, мен бұл ұстанымды қолдаймын.

— Әкімдердің үштен көп орынбасары, ерекше жағдайларда төрт орынбасары болмауы тиіс. Бұл мәселені Президент Әкімшілігі бақылауға алуы тиіс.  

 

9. Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру

— Саяси жаңғыру шеңберінде мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың түйінді буынына айналуға тиіс. Бүгінде олар гибридті сипатқа ие, сонымен бірге жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару институты болып табылады. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттіктерін нақты белгілеу қажет.

— Әкімдердің сайланбалылығын енгізуді ескере отырып, озық халықаралық практикаға сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тетігін енгізген орынды. Сондай-ақ, олардың меншік базасын едәуір кеңейту қажет. Айтарлықтай ресурстарға ие бола отырып, олар жағдайға нақты әсер ете алады және жауап береді. Әйтпесе, бұл өзін-өзі басқару емес, еліктеу. Осы мәселе бойынша барлық қажетті дайындық жұмыстарын ағымдағы жылдың ортасына дейін аяқтау қажет. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін сатып алу тәртібін жеңілдету, бюрократия мен формализмді жою тағы бір маңызды қадам болмақ. Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, аталған тапсырмаларды іске асыру тетіктерін егжей-тегжейлі пысықтап, оларды "Жергілікті өзін-өзі басқару туралы" заңды әзірлеу кезінде ескеруді тапсырамын.

— Бұдан басқа, Қазақстанның осы саладағы базалық халықаралық құжат болып табылатын жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық хартиясын ратификациялау мәселесін пысықтау қажет.


10. Дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралар туралы

 

— Ірі институционалды ойыншылар шетел валютасын сатып алуды оның ұсынысын қамтамасыз ете отырып, шарттық міндеттемелерін орындау аясында ғана жүзеге асыруы керек. Мемлекет қатысатын компаниялардың экспорттық валюта түсімін сатуын ұлғайту мәселесін пысықтау қажет. Жеке жер қойнауын пайдаланушылар да өздерінің валюталық түсімдерін сатуды қамтамасыз етеді деп күтемін. Екінші деңгейдегі банктер өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау шеңберінде өз клиенттерінің валюта сатып алуына бақылау мен мониторингті жүзеге асыруға тиіс. Банктердің осы талапты орындауына қатаң бақылау орнату керек. 

— Егіс науқанын сапалы жүргізу бірінші орынға шығады. Алайда, менің білуімше, көптеген фермерлер егіс жұмыстарына әлі дайын емес. Үкімет пен әкімдіктер бұл жұмысты ерекше бақылауға алуы қажет. Шаруаларды жанар-жағармай материалдарының қажетті көлемімен қолайлы бағамен қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығын, тұқым және тыңайтқыш қорларын қайта тексеру керек

— Азық-түліктің тапшылығы мен бақылаусыз қымбаттауының алдын алу үшін мемлекеттік тұрақтандыру қорларына форвардтық бағалар бойынша ауыл шаруашылығы өнімін сатып алу мәселесін пысықтау қажет.

—Үкімет жанынан құрылған жедел штаб нақты уақыт режимінде ақпаратқа талдау жүргізетін, сондай-ақ нақты шұғыл шаралар әзірлейтін ахуалдық орталық ретінде бір мезгілде жұмыс істеуі тиіс.

 

— Жақын арада мен мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиясыздандыру туралы Жарлыққа қол қоямын. Ол мемлекеттік органдардағы ішкі рәсімдерді түбегейлі қайта қараудың, норма түзушілік және бюджеттік процестерді оңтайландырудың бастапқы нүктесі болады.

 

"Жаңа Қазақстанда біз "әр түрлі көзқарастар, бірақ біртұтас ұлт" қағидатын ұстануға тиіспіз. Диалог пен ымыраға келудің жоғары мәдениеті біздің еліміздегі азаматтық ынтымақтастықты нығайтудың басты факторларының бірі болады... мен біздің азаматтарымыздың бақытты өмірінің ертең емес, бүгіннің өзінде болғанын қалаймын ... жаңа Қазақстан-бұл бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Жаңа Қазақстанды  бірге өркендетейік! Қастерлі Отанымыздың тұғыры мығым, абыройы биік болсын!" деп қорытындылады Президент.

 

 

 

 

 

 



Қарау саны: 1626
Сақталған: 21.04.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!