Қазақстандағы ажырасу деңгейі:

24.02.2022

Қазақстандағы ажырасу деңгейі: статистика не дейді?

Жалпы, ажырасу халықтың өсіп-өнуіне кері әсер ететін әлеуметтік-демографиялық құбылыс болып табылады. Соңғы жылдары ажырасу деңгейінің күрт өскендігі туралы дабыл қағушылар көбейіп, бұл құбылыс өзекті мәселеге айналды.

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2010-2019 жылдары 1000 адамға шаққандағы ажырасу деңгейі 2,6 мен 3,2 аралығында болды (1-сурет). Пандемия басталғаннан бері елде ажырасу көрсеткіші күрт төмендеді. Бұның негізгі себебін қазір ашып айту, әрине, қиын. 

Бір себебі, оқшаулану шараларының нәтижесінде заңды түрде ажырасу процесінің кейінгі қалдырылуы болуы мүмкін, деп хабарлайды "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ (ERI) сарапшысы Шынар Төлешова.



Ажырасу деңгейінің өңірлік айырмашылықтарына көңіл аударсақ, Қазақстанның оңтүстігіндегі Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында, Шымкент қаласында, елдің батысындағы Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында ажырасу деңгейі республикалық деңгейден төмен. Ал қалған облыстарда ажырасу деңгейі салыстырмалы түрде жоғары (2-сурет).


Жалпы, ажырасудың әлеуметтік себептері туралы жиі айтылып жүргенімен оның демографиялық заңдылықтармен байланысы туралы сөз қозғала бермейді.


Әлем елдеріндегі туу, өсіп-өну деңгейінің серпіні «демографиялық ауысым» (орысша «демографический переход») теориясы негізінде түсіндіріледі. Әлемнің көптеген елдерінде қазір туу деңгейі төмендеп, «екінші демографиялық ауысымды» бастан кешіріп жатыр. Бұл ауысымға әкелетін құбылыстардың бірі - ажырасу деңгейінің өсуі. Жалпы, ажырасудың өсуіне, отбасын құру жасының жоғарылауына, тіпті отбасын құрмау құбылысының артуына себеп - адамның өзінің жеке басының мүдделерін бірінші орынға қоюы, өзінің өмір сүру салтын оңай өзгерте алуы, адами құндылықтардың өзгеруі, әйелдің білім деңгейінің, экономикалық тәуелсіздігінің артуы сияқты құбылыстар.


Қазақстанда аталған құбылыстар орын алғанмен, ол өңірлер арасында түрлі деңгейде. Дәстүрлі өмір сүретін азиялық этнос өкілдері басым оңтүстік, батыс өңірлерде ажырасу төмен деңгейде болса, еуропалық этностар басымырақ қоныс тепкен солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде ажырасу деңгейі жоғарырақ. Сонымен қатар, еліміздің екі ірі мегаполисінде де ажырасу деңгейі басым.


«Бұдан шығатын қорытынды, статистикалық деректердің қарапайым өмірде белең алған ажырасу деңгейімен сәйкес келмеуі жастардың неке мен ажырасуды заңдастыруға асықпауына және ажырасуды заңдастыру процесінің белгілі бір себептермен ұзаққа созылуына байланысты болуы да мүмкін. Ал ажырасу деңгейінің өңірлік айырмашылықтары, бірінші кезекте, өңірлердің этностық, мәдени ерекшеліктеріне байланысты», — деп санайды сарапшы.


Ажырасудың жалпы деңгейінен бөлек оған қатысты басқа да маңызды статистикалық деректер жетерлік.


Соңғы бес жылдағы (2021 жылға қатысты дерек әлі жарық көрген жоқ)  неке ұзақтығы бойынша ажырасудың жалпы ажырасу санындағы үлес салмағына қатысты статистикаға назар салсақ, ажырасудың 30%-ға жуығы ұзақтығы 5-9 жыл болған некелер арасында болады екен. Ажырасудың бұл неке ұзақтығындағы үлесінің жыл сайын артып келе жатқандығын да атап өткен жөн (Кесте 1).

Бұл кезең психологтардың неке үшін қауіпті ұзақтық 7 жыл деген тұжырымдамасына сәйкес келеді. Бұның негізгі себебі осы уақыт ішінде отбасылық өмірдегі жинақталған белгілі бір проблемалардың ақыры ажырасуға әкелуі болып табылады.


Отбасындағы бала саны некені құтқарып қалуға қаншалықты құзіретті дегенге назар аударсақ, баласыз және бір баламен ажырасудың жалпы ажырасу санындағы үлесі көбірек болғанымен, соңғы бес жыл ішінде екі және одан да көп баламен ажырасудың үлес салмағы тұрақты түрде өсіп отырғандығын көреміз (Кесте 2).

Бұл дегеніміз, отбасындағы бала санының некені сақтап қалу құзіретінің төмендеп келе жатқандығының белгісі. Тіпті, қазіргі нарықтық қатынастар заманында отбасындағы бала санының артуы қаржылық қиындықтар туғызып, ақыры ажырасуға әкелуі де мүмкін.

  

 

 

 



Қарау саны: 3968
Сақталған: 02.03.2022




Таратылымға жазылу

Сайттың саясаты
Сайт материалдарымен жұмыс жасаған кезде дереккөзге міндетті түрде гиперсілтеме жасай отырып, мәтінді пайдалануға рұқсат беріледі. Сайттың редакциясы мақалалар авторларының пікірімен әрқашан келісе бермейді.


     



©2023 Барлық құқықтар сақталған.




... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!