ТДМ: 5-мақсат

20.05.2022

Тұрақты даму мақсаттары: 5-мақсат. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыру

Тұрақты даму мақсаттарында гендерлік теңдік мәселесіне ерекше мән беріледі. Сондықтан да ер азаматтар мен әйел азаматтар үлесі кейбір міндеттерде ғана нақтыланып қоймай, 5-ші тұрақты даму мақсатын гендерлік теңдікке арнады.

Қазір тұрақты даму мақсаттарын іске асырған кезде гендерлік теңдік мәселесіне тек әйел азаматтар мен ер азаматтар үлесі тұрғысынан ғана қарамайды. Гендерлік теңдік аясында балалар, мүмкіндігі шектеулі адмамдар сияқты әлеуметтік қолдау көрсетуді қажет ететін әлсіз топтарға ерекше көңіл бөлінеді.


Гендерлік айырмашылықты ескермеу тұрақты дамуға қаншалықты зиян келтіретінін қарап көрейікші. Әлемнің кей елдерінде әйелдер құқығы жайында өзекті мәселелер әлі күнге дейін шешілген жоқ. БҰҰ мәліметтері бойынша 17 елде тұрмыстағы әйелдерге үйлерінен шығуға рұқсат етілмейді. Демек, бұл әйелдер күйеуінің рұқсатынсыз жұмысқа бармайды деген сөз. Ал бұл әлемдегі әйелдер табысына тікелей әсер ететін факторлардың бірі болып табылады. Сарапшылардың пікірінше бүкіл әлемде әйелдердің жалақысы ерлердің жалақысынан 23%-ға аз. Бұл олқылықты жою үшін 68 жыл қажет екен.

Ал біздің елде мұндай заңдар жоқ. Өйткені ежелден-ақ халқымыз елдің дамуында ер адамдар мен әйел адамдардың өзіндік рөлі бар екенін білген. Ұлы жазушы М. Әуезовтың «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз» — деген сөзі осыған дәлел.


Алайда қазіргі кезде билік әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты шешім қабылдаған кезде әйел азаматтарының пікірін де ескеру маңызды екенін барлығы түсінеді. Сол себепті әлемнің басқа елдеріндегідей Қазақстанда да биліктегі әйелдер үлесін арттыру барысында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлемде мемлекеттік парламенттердегі орынның 23,7% әйелдер иеленеді. Ал Қазақстандағы мәжіліс депутаттары арасындағы әйелдер үлесі — 27,1%.


Сондай-ақ, еліміздегі басшылық лауазымдағы әйелдер үлесі 41,1% құрайды (1-сурет).


Жалпы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жолында Қазақстан айтарлықтай табысқа жеткенін атап өткен жөн. Елімізде гендерлік теңсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық негізі қаланған. Заңдық негізде әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою және ерлер мен әйелдердің тең құқығы мен мүмкіндіктерін қолдау қарастырылған[1]. Гендерлік теңдік мәселесін шешуде жетекші роль атқаратын арнайы орган бар. Ол – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия. Сонымен қатар бұл салада арнайы Тұжырымдама іске асырылуда[2]. 


БҰҰ-ның жыл сайын жарияланатын Адамзаттың дамуы жөніндегі баяндамада Қазақстан Гендерлік теңдік индексі бойынша әлемнің 189 елінің ішінде 51-орын иеленеді[3].


Алайда біздің еліміз үшін гендерлік теңдікті қатамасыз ету жолында оң шешімін табуды қажет ететін мәселелер бар. Басқа елдердегі сияқты Қазақстанда да COVID-19 пандемиясы кезіндегі шектеу шаралары гендерлік теңдік мәселесіне кері ықпал етті. Өйткені ол кезде әсіресе әйел жұмысшылар үлесі басым болатын қызмет көрсету салалары жұмыстарын шектеуге мәжбүр болды. Ал бұл әйел азаматтар табысына тікелей әсер етті. Сонымен қатар әйел азаматтар атқаратын ақы төленбейтін жұмыстар мөлшері де өсті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әйелдердің ақысыз жұмысқа жұмсайтын уақыт үлесі - 17,7% құрайды екен. Олай болса, әйелдердің ақысыз жұмысқа жұмсайтын уақыты ер азаматтардың ақысыз жұмысқа жұмсайтын уақытымен салыстырғанда 3 есе көп.


Бұл олқылықтарды шешу мақсатында елімізде қабылданып жатқан ұлттық жобалар мен бағдарламаларда әйел азаматтарына және халықтың қамқорлықты қажет ететін әлсіз топтарын қамтуға ерекше назар аударылады.



[1] Указ Президента Республики Казахстан от 9 июня 2021 года № 597. «О дальнейших мерах Республики Казахстан в области прав человека» // https://adilet.zan.kz/rus/docs/U2100000597

[2] Указ Президента Республики Казахстан от 1 апреля 2022 года № 853. «О внесении изменения в Указ Президента Республики Казахстан от 6 декабря 2016 года № 384 «Об утверждении Концепции семейной и гендерной политики в Республике Казахстан до 2030 года» // https://adilet.zan.kz/rus/docs/U2200000853#z5

[3] Human Development Report 2020



Қарау саны: 1417
Сақталған: 20.05.2022




Таратылымға жазылу

Сайттың саясаты
Сайт материалдарымен жұмыс жасаған кезде дереккөзге міндетті түрде гиперсілтеме жасай отырып, мәтінді пайдалануға рұқсат беріледі. Сайттың редакциясы мақалалар авторларының пікірімен әрқашан келісе бермейді.


     



©2020 Барлық құқықтар сақталған.




... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!