ТДМ: 15-мақсат

09.09.2022

15-мақсат. Құрлық экожүйесін қорғау және қалпына келтіру


Қуаңшылық – бұл жаһандық деңгейдегі өзекті мәселе және адам құрбанына әкелетін ең жойқын табиғи апаттардың бірі. Климаттың өзгеруі салдарынан қуаңшылық күшейе түсуде, ол 2000 жылмен салыстырғанда 29%-ға ұлғайып, 55 миллион адамның өміріне қауіп төндіріп отыр.

Қуаңшылық салдарынан жыл сайын 12 миллион гектар жер (минутына 23 гектар) жоғалады. Ал осындай көлемдегі жерде шамамен 20 миллион тонна астық өсіруге болады.


Бүгінгі күні дүниежүзіндегі топырақтың 40%-ы эрозияға ұшыраған. Бұл құбылыс шамамен 3,2 миллиард адамның әл-ауқатына әсер етуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша 2050 жылға қарай қуаңшылық әлем халқының 75%-на кері әсер етуі мүмкін. Қазірдің өзінде, ауылшаруашылық жерлерінің 52%-ның тозығы жеткен. Әлемде 2,6 миллиард адам ауылшаруашылығы табысына  тәуелді екенін ескерсек, қуаңшылық оларға тікелей қауіп төндіріп тұр деген сөз.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, дүниежүзіндегі ЖІӨ мен астық қорының тең жартысы жердің құнарлығына тікелей тәуелді. Топырақтың құнарсыздығынан жыл сайын дамушы елдер ЖІӨ-нің 4-8% көлемінде шығынға ұшырауда. Топырақты құнарландыру мәселесі тезірек шешілмесе, болашақта көптеген елдер өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды.

Қуаңшылықтың өріс алуының бірден-бір себебі – орман алқаптарының азаюы. Мәселен, 2010-2015 жылдар аралығында шамамен 3,3 миллион гектар орман алқабы жойылып, биоалуандыққа толассыз зиян келтірілді. Өйткені, ормандарда жануарлар, өсімдіктер мен жәндіктердің 80%-дан астам түрлері мекендейді.

Қуаңшылық мәселесі біздің елімізде де өте өзекті мәселелердің бірі. Қазірдің өзінде Қазақстан жерінің 2/3 бөлігіне құрғақшылық қаупі төніп тұр және ел тұрғындарының 23,5%-ы тозған жерлерде тұрады. Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкінің болжамы бойынша, егер құрғақшылық мәселесі шешілмейтін болса, ғасыр соңында Қызылорда мен Маңғыстау облыстарының шөлге айналу қаупі өте жоғары.

Қазақстан жеріндегі құрғақшылықтын эпицентрі – бұрынғы Арал теңізінің орны. Бүгінгі күні Арал теңізінің орнында 60 мың шаршы шақырымға жуық жерде шөл аймағы қалыптасқан. Жыл сайын Арал теңізінің түбінен 75 миллион тоннаға дейін құм, шаң, тұз жан-жаққа шашырап, аймаққа 44 млн. доллар көлемінде экономикалық зиян келтіріледі. Осының барлығын ескере отырып, Қазақстанның кең байтақ аумағында экожүйе мен биоалуандықты сақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, орманды қалпына келтіру және ағаш өсірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарлары іске асырылуда. 2021 жылы 138,3 млн. түп ағаш отырғызылды.   

Қазақстан құрлықтың экожүйесін қорғауға ерекше мән береді. Елдегі ормандардың 33,9%-ы заңмен белгіленген, қорғалатын аймақтардың аумағында орналасты. Елде республикалық мәндегі 10 мемлекеттік табиғи қорық, 14 мемлекеттік ұлттық парк, 6 мемлекеттік табиғи резерват, 50 мемлекеттік табиғи қаумал, 5 мемлекеттік қорық аймағы, 25 мемлекеттік табиғат ескерткіші, 7 мемлекеттік ботаникалық бақ (соның ішінде 1 мемлекеттік дендрологиялық парк) жұмыс істейді. Сондай-ақ, елдің 5 млн. га астам аумағын алып жатқан сексеуілдер орман қорына жатқызылған.

2020 жылы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 5,2 мың га астам жерге сексеуіл көшеттері отырғызылды. 2021 жылы Аралдың құрғап қалған түбінің 100 мың га алқабына сексеуіл отырғызылды. Аталған шаралар құрғақшылық мәселесін бәсеңдетуге көмектеседі, алайда бұл шараларды одан әрі ұлғайту қажет. Топырақ құнарлығын сақтау және биоәртүрлілікті дамыту үшін, Қазақстан аумағының кем дегенде 12%-ын орман алқаптары алуы тиіс.


Telegram   



Facebook




Қарау саны: 578
Сақталған: 09.09.2022




Таратылымға жазылу

Сайттың саясаты
Сайт материалдарымен жұмыс жасаған кезде дереккөзге міндетті түрде гиперсілтеме жасай отырып, мәтінді пайдалануға рұқсат беріледі. Сайттың редакциясы мақалалар авторларының пікірімен әрқашан келісе бермейді.


     



©2020 Барлық құқықтар сақталған.




... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!